Ринат Абу Мухаммад: О телевизоре (на казахском языке)

Сообщение »

Аса Мейірімді, ерекше Рақымды Аллаһтың атымен!


Теледидар туралы




Бүгінгі күні мұсылмандар арасында надандық дәуіріндегі адамдарға еліктеу белең алып бара жатыр. Және бұған ең басты себеп – теледидар.

Мен өз уақыттарын теледидар көрумен өткізетін мұсылмандарға айтарым бар. Оларға Аллаһ Тағаланың: «Расында, құлақ, көз және жүрек – бұлардың барлығы сұралады» - деген сөзін естеріне салғым келеді (Исра сүресі, 36-аят). Яғни Қиямет Күні Аллаһ Тағала кісіден не тыңдағанын, не нәрсеге қарағанын және қандай сенімде болғанын сұрайды.

Теледидардың бірнеше зиянын атап өтуді жөн көріп отырмын.

Біріншіден, теледидар немесе осы біздің ТМД аймағында теледидардан көрсететін бағдарламалар – адамның дініне зиян тигізеді. Қалайша кісінің дініне зиян тигізеді дейсіз бе? Оған жауап былай: Мысалы, мұсылман теледидар көріп отырып, намаздың уақыты келгенде намазын кейінге қалдырады, өйткені теледидардан «керемет» фильм болып жатыр. Жарнаманың уақыты келгенде әтеш құсап бастарын изеп-изеп намазын тез-тез бітіруді ойлайды. Екі жағына сәлем бере сала жүгіріп барып қайтадан теледидардың алдына телмиіп отыра кетеді.

Екіншіден, теледидар – қоғамның әдеп-ғұрпын құртады. Сүннет бойынша таң қаларлық бір жағдайға кезіккенде «Аллаһу акбар» деу керек екенін білеміз. Сахабалар да, ғалымдар да, қарапайым мұсылмандар да бір нәрсені айтқанда, бір мәселені шешкен кезде «инша-Аллаһ» деп айту қалыптасқан. Ал қазіргі кезде біреу «ертең кездесеміз бе, инша-Аллаһ?» десе, теледидар көп көретіндер «ок!» деп жауап беруді шығарды. «Субхан-Аллаһ» деген сөздің орнына «Уа-а-а-ау!» деген сөзді қолданатын болды. «Аллаһу акбар» деудің орнына ағылшынша «Әу май га-а-ад» деп айтуды шығарды. Серт беріп жатқанда «Уа-Аллаһи» деп айтудың орнына, «отвечаю» деуді шығарды.

Бұл фитна әрбір үйге баса көктеп кіріп келді. Кәпірлер осы фитнаны пайдаланып, теледидар мен кабельді телеарналардың бағасын түсіріп, бұ фитна одан әрі өріс алып таралуы үшін түрлі жеңілдіктер жасап қойды. Бүгінгі күні теледидар әрбір үйге кіргені былай тұрсын, тіпті әрбір бөлмеге кірді. Әкесі балаларына теледидар сатып алып береді, ал олар болса сол теледидарды бөлмесінде жатып, жалғыз өздері көретін болды.

Уа-Аллаһи, мысырлық бір кісі біздің шейхтарымыздың біріне жылап келді. Не үшін жылап келген? Ол кісі балаларын әрдайым теледидармен жалғыз қалдырып кетеді екен. Бір күні түнде ол жай балалары не істеп жатқанын білгісі келіп, бөлмесіне кіріп қалса, ағасы мен қарындасы күйеу мен әйелі құсап тырдай жалаңаш жатқанын көрген. Ал теледидардан порнографиялық фильм көрсетіп жатыр екен. Сол кісі біздің шейхқа: «Өз-өзіме қол жұмсап өлуге бола ма? Мен бұдан кейін өмір сүргім келмейді» - деп сұрап келді. Ал енді бұдан кейін өзі үшін және өз балалары үшін осыншама жиіркенішті әрекет жасап қоймасына кім кепіл?!

Үшіншіден, бұл теледидар – мұсылмандардың уәлә уәл-бәра ақидасын өлтіріп тастады. Уәлә уәл-бәра дегеніміз – Аллаһ үшін жақсы көру және Аллаһ үшін жек көру дегенді білдіреді. Бұған мысал келтірейік: теледидардан «боевик» көрсетіп жатыр, фильмнің басты рөлін сомдаған Рэмбо, немесе Шварцнегер, немесе Ван Дамның тұмсығынан біреу келіп салып қалды. Олай ұрады, былай ұрады, орындықтың астына теуіп кіргізеді, желкесінен суырып алып талға соғады, қансырап жатқан жерінен көтеріп терезеге лақтырады - осының бәрін көріп отырған мұсылманның жүрегі қысылып кетеді. Қайдағы бір кәпір үшін жүрегі қысылып жатыр. Сөйтіп жатқан кезде әлгі басты рөлдегі кейіпкер аяғын созып қалып, қарсыласын сұлатып түсіріп жеңіп кетсе, теледидардың бергі жағында отырған мұсылманның жүрегі шаттанып, қуанып қалады. Қайдағы бір кәпір үшін қуанып жатыр. Осындай құбылысқа бәрлеріңіз куә болған шығарсыздар? Солай емес пе?! Әрине, солай. Тіпті мелодрама немесе комедия көріп отырып кейбір мұсылмандардың көздерінен жас шығады.

Төртіншіден, бұл теледидар – терроризмнің, айуандық пен қаталдықтың таралуына жол ашып беріп отыр. Фильмдерді айтпай-ақ қояйық, мультфильмдердің өзінде қазір хайуандарды өлтіру, адам өлтіру, ғимаратты жарып жіберу немесе бүкіл жер бетін бір қызыл тетікті басып құртып жіберу – жай ғана қатардағы іс сияқты қылып көрсетіледі. Ылғи кісі өлімін көріп өскен жас жеткіншек үлкейгенде қандай адам болмақ?! Оның жүрегі мұндайға үйреніп кетпесіне кім кепіл?! Ешқашан фильмдерден қан төгісті көрмеген адам шынайы өмірде тіпті жануардың өлімін көрген кезде есінен танып қалады. Ал күн сайын көз алдында мыңдаған адам өліп жатқанын көрген кісі шын өмірде де қатыгездеу келеді.

Бесіншіден, теледидар зина қалай жасау керек екенін, зинаға алып баратын бүкіл жолдарды үйретіп жатыр. Бозбалаға бойжеткенді қалай «сындыру» керек екенін және бойжеткендерге қалай бозбаланы өзіне қарату керек екенін үйретіп жатыр. Тіпті, ер көрмеген жас қыздар қалай ұятын жоғалтпай зина жасау керек екенін біліп жатыр. Және теледидардан егер сен ұятыңды жоғалтып алсаң, оны екі сағаттың ішінде қалай қалпына келтіріп алуға болатынын көрсетіп жатыр. Мұның барлығына үйреткен кім? Бұл – теледидар.

Алтыншыдан, теледидар жастарды да, қарттарды да өзгенің мүлкін қалай ұрлау керектігін айтып жатыр. Фильмдерде банкке, дүкенге ұрлыққа түсуді егжей-тегжейлі көрсетеді. Теледидар сені ұрлықшылардан да асқан «ұры» қылып шығарады. Бұрындары ұрлықшылардың саусағының ізі қалатын, ал қазір теледидардың кесірінен ұрлықшылар саусақ ізін қалдырмайтын болды. Себебі, теледидардан ұрлық жасап болған соң саусақ ізін қалдырмастан жылдам кетіп қалу тәсілдерінің нешетүрін көрсетіп жатыр.

Жетіншіден, теледидар әйелді еріне қарсы шығуға үйретіп жатыр. Сахабалардың кезінде 15-20 жастың аралығындағы қыздарды үйдің ішінен арнайы бір перде қойып, соның ар жағына тығып жасыратын болған. Ондай қыз тұрмысқа шыққан кезде өз күйеуінен басқа ер кісіні көрмеген, сондықтан оның басында «басқа да жігіттер бар ғой» деген ой болмаған. Бұрындағы әйелдер өз күйеулеріне қандай керемет қатынаста болған десеңші! Әбу Дарда деген сахабаның әйелі Умму Дарда өз күйеуінен хадис жеткізген кезде: «Менің мырзам мынадай хадис айтты» деп бастайтын. Бауырлар, қазіргі кезде арамыздағы кімнің әйелі күйеуін бір мәрте болса да «менің мырзам» деп атады?!
Сонымен қатар, теледидар әйелі күйеуіне: «Кетші әрі», «қасыма жолама» деп айтуды үйретті. Күйеуіне «иә» деп жауап беру міндетті болған кезде «жоқ» деп айтуға да болады деп үйретіп жатыр. Күйеуіне қалай дөрекі болуды, тіпті күйеуін қалай ұру керегін үйретті.

Сегізіншіден, теледидар – ерлердің де, әйелдердің де қызғаныш сезімін жоқ қылды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Қызғанбайтын кісі Жәннатқа кірмейді» - деген. Күйеуі мен әйелі бірге теледидардан бір мелодрама көріп жатыр. Ол фильмде өте сымбатты ер кейіпкер мен өте сұлу әйел кейіпкер ойнап жатыр. Осы фильмді көріп отырған күйеуі кірпігін қақпастан әлгі әйел кейіпкерге қарап отыр, бірақ ол дәл сол сәтте өзінің әйелі де әлгі сымбатты ер кейіпкерге көз алмай қарап отырғанын ұмытып кеткен еді. Күйеуі әлгі ер кейіпкердің орнында болып, сұлу қыздың қасында жатсам екен деп армандап жатыр, бірақ ол дәл сол секілді өзінің әйелі де әлгі сымбатты ер кейіпкермен бірге болғысы келетінін ұмыт қалдырған еді.

Тоғызыншыдан, қазіргі кезде теледидар жақсы нәрсені жаман қылып, жаман нәрсені жақсы қылып көрсетуге шықты. Мәселенкей, теледидардан орамал таққан мұсылман әйелдерді мазақ етіп, оларды артта қалған деп көрсетеді. Арақ-шарап ішпейтін, шылым тартпайтын адамды көрсетіп, оны ауытқығандардың қатарына қосып қояды. Бүгінгі күні өз ұятынан айрылмаған, ешқандай ермен қосылып көрмеген 17-18 жасар қыз көрсе, сыртынан «жарымес шығар», «артта қалып қойған», «дамымай қалған ғой» дейді. Немесе арақ ішіп көрмеген, есірткі қабылдамаған, ешбір қызға жолап көрмеген жігітті көрсе, «бұған не болған, психикасына зақым тиген-ау деймін», «ол сәл ауырады» деп есептейді.

Оныншыдан, теледидар – жұртты Исламға қарсы қояды. Мұсылман емес мемлекеттерде теледидардан Ислам дінін көрсеткен кезде тап-таза мәрмәр тас төселген Мекке қаласында бірнеше миллион аппақ киім киген мұсылмандар имам Судайси, немесе имам Шураймидің артында тұрып намазға оқығанын, әдемі дауыспен Құран оқып болған соң «Аллаһу акбар» деген сөзден кейін Аллаһ Тағаланың алдында бәрі бірдей сәждеге маңдайларын қойған кезін ешқашан көрсетпейді. Олар Ислам туралы айтқан кезде оң қолтығына «калашников» автоматын, сол қолтығына Құранды қыстырған, беліне қанжар байлаған, үсті-басы шаң, лас-лас сәлдедегі біреуді көрсетеді.

Он біріншіден, теледидар білім ізденуге кедергі келтіреді. Күні бойы теледидар көрумен уақытын өткізетін адам ешқашан білім талап етпейді. Тіпті, қарапайым оқушының өзі мектепке барып келгеннен кейін сабақтарын қайталаудың орнына теледидар қарап жайғаса кетеді. Өзі «басқалардан көшіре салармын» деп ойлайды. Сөйтіп сабақ оқу жөніне қалады. Олар өскесін «мұндай ақымақ бала қайдан шықты» деп бәрінің басы қатады. Ал бұған басты себеп теледидар екенін кезінде ұмытқан едің, енді соның жемісін көре ғой.

Он екіншіден, теледидар үлкендердің де, кішкентай балдардың да таухид сенімін толықтай өлтіреді. Йогава куәгерлері, баптистер сияқты мысықтілеу миссионерлер түрлі-түрлі мультфильмдер түсіріп, өскелең ұрпақтың миын жайлап улап жатыр, таухидын құртып жатыр. Мысалы, құмырсқалар туралы мультфильмде құмырсқалар бір-біріне сәжде жасап жатады. Сен сол кезде балаңмен бірге болып «Бұл үлкен ширк» деп айтып отырсаң жақсы, бірақ балаң кейде жалғыз өзі көретін жағдайға кезіккенде ол Аллаһтан басқа біреуге сәжде жасау кәдімгідей қарапайым іс екен ғой деп ойлап қалатын болады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, теледидар – мұсылманның Аллаһ үшін жақсы көру, Аллаһ үшін жек көру сеніміне зор зиян тигізеді. Теледидардан иконаға сыйынып, крестке шоқынып жатқан біреуді көріп, «бұны істеп жатқан мен емес қой» деп еш қысылмастан әрі қарай көріп отыра береді. Егер сол бауырымыздың әкесіне тіл тигізсең, ол сенімен төбелесіп кетуге дайын, алайда оның көзінше Аллаһқа серік қосып жатса, ол «бұны істеп жатқан емес қой» деп назар аудармайды, көз алдында істелініп жатқан іс үлкен ширк әрі бұл Аллаһ Тағалаға кемшілік таңып жатыр-ау деген ой тіпті оның басына кіріп-шықпайды.

Он үшіншіден, теледидар Ислам тарихын өзгертіп жатыр. Нешетүрлі Омар Мұхтар, Иса деген сияқты фильмдер түсіріп тастады. Сол фильмдерде көрсетіліп жатқан оқиғалар сахих екеніне қандай дәлелдеріңіз бар? Иснады қайда? Ал біз болсақ ислами фильм ғой деп риза болып көріп отырамыз. Ислами фильм дегеніміз – шариғат талаптарына сай сойылған шошқа дегенмен тең. Исламда кино деген болмайды. Өйткені, көркем фильм – бұл тұрғанымен өтірік! Аллаһқа өмірінде сеніп көрмеген дінсіз біреу Халид ибн Уалид (Аллаһ оған разы болсын) атты сахабаның рөлінде ойнайды. Немесе басқа бір сахабаның рөлінде американдық біреу ойнайды. Ол тіпті дәретханаға барғаннан кейін жумайды да, сөйтіп бізге «мен сахабамын» дейді. Ә’узубилләһ! Ал біз болсақ сол фильмді көріп отырып, ақымақ болып, аузымызды ашып мәз болып жүрміз. Осы уақытқа дейін Голливуд бізді қалай келемеж етіп келді, әлі де келемеж етіп мазақ қылып келе жатыр.

Он төртіншіден, теледидар – ата-аналардың балаларға немқұрайлы қарауына себеп болады. Аллаһпен ант етейін, болашақта осы істегендеріңіз алдарыңызға келеді! Балаларыңыз өскеннен кейін дәл сіз сияқты сіздерге немқұрайлы қарайтын болады. Олар кішкентай болған кезінде сіздер теледидар көрумен әлек едіңіздер: анасы мексикандық, корейлік сериалдармен әлек. Балалар тоңып аш қалып жатыр, анасы тәрбие бермейді, кітап оқып беріп, түсіндіріп бермейді. Әкесі де жұмыстан келіп, шәй-тамағын ішіп болған соң теледидардың жанына жайғаса кетіп, атыс-шабыс киноларын қосып, балаларға қарауға уақыты жоқ. Ал бала болса көшедегі арам шөп секілді өсіп жатыр. Көшедегі арам шөпке су құйып қарап тұрудың қажеті жоқ, ол өзінен-өзі өседі. Бірақ ол қалай тез өссе, дәл солай күннің астында тез қурап кетеді. Міне, сіздер де балаларыңызды осылайша қалдырып жатсыздар!

Он бесіншіден, теледидар – спирттік ішімдік ішіп, темекі тартуға итермелейтін ең басты себептер. Теледидардан темекі тартқан кісіні көрсеткен кезде оны құлпынай шырынын ішкендей етіп көрсетеді, рахаттанып тұрып тартқан кезде адам өзі де тартқысы келіп кетеді. Қазіргі кезде арақ-шарап, шампанды жарналамаған кезде қандай әдемі бөтелкелерге құйып көрсетеді десеңші! Спирттік ішімдікті тіпті жақсы көріп кетуі үшін қаншама миллиондаған қаржы бөлініп жатыр.

Біздің шейхтарымыздың бірі: «Теледидар көретін адам – мунафиқ (екіжүзді)» дегені бар еді. Бүгінгі күні теледидарды тек мунафиқтар ғана көреді деп еді. Ондай кісіде екіжүзділіктің сипаты бар, себебі пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мунафиқ үшін таң намазы мен құптан намазынан ауыр намаз жоқ» - деген. Құптанның кезінде теледидардан ең қызықты бағдарламалар беріп жатады, ал таң намаздың кезінде ол ұйықтап жатады, себебі түнімен фильмдер көрген еді. Теледидар көретін екіжүзді «лә иләһә илла-Ллаһ» деп айтады, бірақ сол теледидар көру арқылы ширкке деген жек көрініш сезімі бірте-бірте жоғала береді. Теледидардан ширк көрсетіп жатса да түк қиналмастан көріп отыра береді. Міне, мунафиқтың нақты сипаты осы. Аллаһ Тағала былай дейді: «Сол кезде Ибраһим өз әкесі мен еліне: “Шын мәнінде, мен сендердің құлшылық етіп жүргендеріңнен бездім (аулақпын)” (Зухруф сүресі, 26-аят). Қараңыз, Ибраһим пайғамбар Аллаһқа серік қосып жүрген қауымын тастап кетті. Ал сен болсаң, күнде теледидардан қалай ширк жасалып жатқанын бірнеше мәрте бір жыл, екі жыл, бес жыл, он жыл көресің, сөйтіп жүрегің соған үйреніп дағдыланып кетеді.
Інім Наиль айтқан еді, бірде ол туысқанымыздың үйіне қонаққа барыпты, теледидардан феялар мен сиқыршылар туралы фильм көрсетіп жатты, сол үйде кішкентай балдар бар еді. Кішкентай баланың бірі «мен феямын», десе, екіншісі «мен сиқыршымын» деп ойнап жүр екен. Аллаһ сақтасын! Сонда, олар өздерін кәпірміз деп жатыр ғой, Аллаһ сақтасын! Ал әке-шешесі мұсылман бола тұра балаларының солай ойнап жүргеніне қарап мәз.
Және мен шейхтің «Теледидар көретін адам – мунафиқ (екіжүзді)» деген сөзіне толықтай келісемін.

Сөз соңында әлемдердің Раббысы Аллаһқа мадақтар айтамыз!
Пайғамбарымызға, оның отбасына, сахабаларына және олардың ізінен шынайы ықыласпен ілескендерге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!


Дерек көзі: http://toislam.ws/audio-aqidah/61-kitabu-taihid
Китабут-Таухид, 51-ші дәріс.
Umm_Aisha
 
Сообщений: 6
Зарегистрирован: 22 июл 2012, 15:54

Вернуться в Духовное воспитание

cron