Арсен Абу Яхья: Обязанности по отношению к детям (каз. яз.)

Сообщение »

Абу Яхья Крымский


Балалармен қандай қарым-қатынас жасау қажет?


Аса Мейірімді, ерекше Рақымды Аллаһтың атымен!


Расында, мақтаулар мен мадақтарға Аллаһ лайық! Оны дәріптейміз, әрі Одан жәрдем мен кешірім сұрап жалбарынамыз. Жанымыздың жамандықтары мен жаман іс-амалдарымыздан Аллаһқа сиынып, Одан пана тілейміз. Кімде-кімді Аллаһ тура жолға бастаса, оны ешкім де адастыра алмайды. Ал кімде-кімді адастырса, оны тура жолға салар ешкім жоқ. Біз Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық ешкім жоқ екеніне, Оның серігі жоқ, әрі Жалғыз екеніне куәлік етеміз, сондай-ақ Мұхаммед – Оның құлы, әрі елшісі екеніне куәлік етеміз.

Одан кейін:

Осы бір тамаша күннің бірінде бізді бауырымыздың үйінде жинаған Аллаһқа мадақтар болсын. Біз бұл жерде Хасан бауырымыздың ұлды болуына байланысты жиналып отырмыз. Әлхамдулиллаһ! Аллаһ Тағала былай дейді: «Егер Аллаһтың нығметін санасаңдар, оның санына жете алмайсыңдар» (Ибраһим сүресі, 34-аят). Және Аллаһ Тағала қалаған кісісіне беретін нығметтің бірі – балалар.

Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түрлі тайпалардың өкілдер жан-жақтан келетін. Бірде Аллаһ елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай бір өкілдермен бірге жас жігіт келді. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сол жас жігіттен: «Балаларың бар ма?» - деп сұрады. Сонда әлгі жас жігіт: “Әй, Аллаһтың елшісі! Мен сізге қарай жолға шығып бара жатқанымда дүниеге ұлым келген еді. Бірақ осы ұлымның орнына тайпам тойып бір тамақтанғаны жақсы болар еді” – деді. Яғни жас жігіт дүниеге бала келгеніне риза емес екенін білдірді. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Олай деме! Өйткені, балалар – көздің қуанышы. Ал егер олар (ата-анасынан бұрын) о дүниелік болса, ол үшін (ата-анасына) сауап бар. Ал егер сіз айтқаныңды айтып тұрсаң, иә, шынымен, балалар – сараңдық қылуға және қорқақ болуға себеп болады» - деді.

Осы хадисте, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) балаларға қандай қарым-қатынас жасау қажет екенін айтып өтті. Қараңыздар, кісі не оң жаққа қарай шектен шығып кетпеуі керек және дәл сол сияқты сол жаққа қарай шектен шығып кетпеуі қажет. Осы шектен шығудың біріншісі – кісі баласы болғанын қаламайды, оны ауыртпашылық деп санайды, егер дүниеге бала келсе, өзім аш қаламын, кедейленіп кетемін, қиыншылық көбейіп кетеді деп есептейді. Жоқ, олай емес, себебі пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Балалар – көздің қуанышы» - дейді. Шынымен де солай, бауырлар! Егер балаң Аллаһтың қалауымен ізгі болса, ондай рахатты басқа еш жерден таба алмайсың. Егер балаң болса, ол сенің – жаныңның бір бөлшегі, жүрегіңнің бір тәтті жемісіндей болып кетеді.

Хадистің жалғасында «Ал егер олар (ата-анасынан бұрын) о дүниелік болса, ол үшін (ата-анасына) сауап бар» делінген. Аллаһ Тағала мүмін кісі үшін кез-келген жағдайда сауап алатындай етіп қуандырып қойған. Егер балаларың аман, олардың жағдайы жақсы болса, әлһамдулиллаһ, сен бұған қуанасың, сен үшін сауап бар. Ал егер Аллаһ Тағала балаларыңды Өзіне қарай алып алып, олардың тағдырына өлім жазып қойған болса, бұда да сауап бар. Себебі, сахих хадистердің бірінде егер кісінің баласы о дүниелік болса, Аллаһ Тағала періштелеріне: «Менің құлымның жүрегінің жемісін о дүниелік еттіңдер ме?» деп сұрайды. Періштелер: «Иә» - дейді. «Сонда ол не істеді?» - деп сұрайды Раббымыз. Періштелер: «Ол сабыр қылды, Саған мақтау айтты» - дейді. Сонда Аллаһ Тағала: «Ол құлыма Жәннаттан үй соғыңдар және ол үйді мақтау үйі деп атаңдар!» - дейді.

Хадистегі «құлымның жүрегінің жемісі» деген сөзге мән беріңіздер! Шынымен, бала – жүрегіңнің жемісі. «Сонда ол не істеді?» - дегеніміз яғни ол кісі сондай жағдайға душар болған кезде өз-өзін қалай ұстады дегенді білдіреді. Ондай кісі сабыр қылып, Аллаһқа мақтау айтар болса, «Ол құлыма Жәннаттан үй соғыңдар және ол үйді мақтау үйі деп атаңдар!» дейді Аллаһ Тағала. Міне, осыншама Аллаһтың мейірімі, нығметі көрсетіледі о кісіге.

Қарастырып жатқан пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде тағы бір нәрсе айтылған: балаларың сені Жаратушы Раббыңды еске алуға кедергі болмасын, балаға деген махаббатың Аллаһқа деген махаббатпен бақталасып жүрмесін, балаларың сені Аллаһқа ғибадат етуге бөгет болмасын! Міне, осы аса маңызды! Сондықтан пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Шынымен, балалар – сараңдық қылуға және қорқақ болуға себеп болады» деген. Сараңдық қылу дегеніміз – менің балам бар, оның болашағы үшін біраз ақша жинауым керек деп ашкөздік танытып, Аллаһ жолына дүние-мүлкін жұмсамайтын болады дегенді білдіреді. Тіпті, Аллаһ міндет еткен зекеттің өзін төлемейтін дәрежеге жетеді. Қорқақ болу дегеніміз – кісі Аллаһ жолында күресіп, дағуат қылудың орнына, менің балам бар ғой, бұлармен қалай айналысамын деп өз міндеттерін атқармай, салғырттың таныту дегенді білдіреді. Сондықтан, осы тұрғыдан да шектен шығуға болмайды.

Бұл туралы Аллаһ Тағала былай дейді: «Негізінде, дүние-мүліктерің және балаларың – фитна (сынақ). Аллаһтың қасында зор сыйлық бар» (Әнфал сүресі, 28-аят).

Аллаһ Тағала тағы былай деп ескертеді: «Әй, мүміндер! Сендерді дүние-мүліктерің, балаларың Аллаһты еске алуға бөгет болмасын. Әлдекім бұны істесе, міне солар қасіретке ұшыраушылар» (Мунафиқун сүресі, 9-аят).

Біз жоғарыда атап өткеніміздей, бала – бұл Аллаһтың берген нығметі. Сондықтан балаларымыздың алдында бірнеше міндеттеріміз бар. Бұл оңай шаруа емес. Аллаһ саған нығмет берді, ал бұл өмірде еш нәрсе жәйдан-жәй беріле салмайды. Аллаһ Тағала бізді жақсымен де, жаманмен де сынайды – ол да, бұл да сынақ! Және Аллаһ Тағала қайсы сынақ бізге ауырырақ екенін біледі. Бірінші, жақсылықпен сынақ – шүкіршілік етеміз бе, жоқ па деген сынақ. Екінші, жамандықпен сынақ – сабыр қыламыз ба, жоқ па деген сынақ.

Енді, шүкіршілік ету дегеніміз не? Көбісі бұл жәй «Аллаға шүкір» деп қоя салу деп ойлайды. «Құдайға шүкір» деу жеткілікті деп есептейді. Солайша мен Аллаһқа шүкіршілік етіп жүрмін ғой деп санайды. Бауырлар, шүкіршілік ету дегеніміз – бұл жүрегіңмен, тіліңмен және дене мүшелеріңмен шүкіршілік қылу дегенді білдіреді. Яғни, жүрегіңмен шүкіршілік ету дегеніміз – Аллаһ Тағала ғой маған осы нығметті берген деп әрдайым есте ұстауың, бұл менің өзімнен емес деуің. Тіліңмен шүкіршілік ету дегеніміз – Аллаһ Тағала берген нығметті әрдайым айтып жүруің, Оны мақтап, мадақтауың. Дене мүшелеріңмен шүкіршілік ету дегеніміз – Аллаһ Тағаланың бұйрықтарына бағынуың, әсіресе Аллаһтың берген сол нығметіне қатысты міндеттеріңді орындап, тыйғандарынан тыйылуың.

Біздің айтып отырған тақырыбымыз бала – бұл да Аллаһтың берген нығметі. Аллаһ саған бала берді екен, ендеше сол нығметке қатысты міндеттеріңді атқаруға тиіссің. Аллаһ Тағала балаға байланысты саған бірнеше міндеттерді мойныңа жүктеді: біріншісі, бала туыламын дегенше міндеттерің; екіншісі, бала туылғаннан кейінгі міндеттерің. Біреулер: «Әлі дүниеге келмеген балаға қатысты қандай міндеттер тағы? Бала туылмай жатырып баланың алдындағы қандай міндеттерді айтып отырсың? Ондай да бола ма екен?!» деуі мүмкін. Иә, бала туылмаса да, оның алдында орындауға тиіс міндеттерің бар:

Бірінші: Сен балаңа лайықты ана таңдауың керек. Сен балаңа ана іздеген кезде өз тән құмарлығыңа сай іздеуші болма! Маған әдемі, атақты, бай қыз ұнайды деме! Бұл тұрғыдан қарама оған. Сен оған ертең бұл менің балаларымның анасы, немерелерімнің әжесі болады ғой деп қара! Демек, сен таңдаған қыз – бұл үлкен мектеп. Ол сенің ұрпағыңды дайындап шығаратын мектеп. Ұрпағың сен үшін Аллаһқа дұға жасай ма, жоқ па – мұның бәрі сен таңдаған қызға байланысты, ол балаларыңды қалай тәрбиелер екен?! Уа Аллаһи, көпшілік бауырларымыздың салғырт қарайтын мәселесі осы. Алысқа қарамай, “Өй, кейіннен өзім дұрыстап аламын. Оған дағуат қыламын. Әйтеуір бір күні тақуа болар” дейді. Сен қайдан білесің – ол тақуа бола ма, жоқ па?! Тақуа болатынына кепілдеме бере аласың ба? Адам дәл қазір не бар, соған қарау керек, артынан әйтеуір бір болар дегенге емес. Өйткені, болашақты тек Аллаһ қана біледі.

Сондықтан, балаңа ана таңдаған кезде, ең алдымен тақуылығына қарап таңда! Бұл айтып отырғанымыз пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өсиеті. «Әйел кісіге төрт нәрсеге қарап үйленеді: байлығына, тегіне, әдемілігіне және дініне. Ал сен дінді жақсы ұстанатын әйел кісіге үйлену арқылы жеңіске жет!» - дейді пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын).

Әйел кісі де кімге тиіп жатқанына, кімге тұрмысқа шығып жатқанына қарасын! Әйел кісінің уәлиі де бұған мұқият назарын аударсын! Осы жерде отырғандарымыздың көбіміздің қыздарымыз бар. Бауырлар, осы кезден бастап ойланыңдар: қызыңды кімге бересің! Ізгі кісіге бер! Бай-бақуатты ғой, ауылымтікі ғой, өз қаламдікі ғой деме! Қазір көбісі «қызымды өз ауылымның адамына беремін» дейді. Қазіргі кезде «ол жігіттің пәленбай сом ақшасы бар ма?», «ол жігіттің үйі бар ма?» және сол сияқты нәрселер сұрауды шығарды. Аллаһу акбар! Біраз жылдан бері намаз оқып жүрген, ұзын сақалы бар кейбір бауырларымыз өз қызын тақуа, ізгі, мінез-құлқы жақсы жігітке беруден бас тартады деп қаншама рет естідік. Не үшін бар тартады? Әлгі жігіттің үйі Алматыда емес, Ақтауда болғаны үшін, немесе жігіттің үйі Астанада емес, Шымкентте болғаны үшін бас тартады. Я болмаса, әлгі жігіт ауыл шаруашылығымен айналысатын болса, оған неге дәрігер емессің, неге бизнесмен емессің деп талап қояды. Сондықтан, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер сендерге мінез-құлқы мен дініне разы боларлықтай бір кісі (қызыңның қолын сұрап) келсе, оған қыздарыңды беріңдер! Олай етпесеңдер, жер бетінде үлкен бұзақылық (фитна) басталады» Шейх әл-Әлбәни Ируәул-ғалил 6/266 (1868) кітабында осы хадисті хасан деген.

Қасас сүресіндегі Мұса пайғамбардың қиссасына қараңдар. Мұса пайғамбар перғауыннан қашып, Мәдиян жеріне келді. Мұса пайғамбар Мәдиян жерінде ешкімді танымады, оны да ешкім танымаған. Қолында еш нәрсе болмаған күйі Мәдиянға қашып келген. Тіпті, жейтін тағамы да болмаған, ойланыңыздар, бауырлар! Мұса пайғамбар талдың жанына барып Аллаһқа: «Раббым! Сен маған хайырдан не жіберсең де мұқтажбын» деп дұға етті (Қасас сүресі, 24-аят). Содан кейін дереу екі қыздың бірі келді де, оны өз әкесіне алып барды. Сонда әлгі екі қыздың әкесі Мұса пайғамбарды көрді де, көп ойланбастан: «Саған екі қызымның бірін некелестіргім келеді» деді (Қасас сүресі, 27-аят). Өйткені, әлгі екі қыздың әкесі Мұсаның қандай муахид (бірқұдайшыл), мүмін, тақуа, ізгі, әрі сенімді екенін көрді де дереу қызын берді.

Сонымен, біздің бірінші міндетіміз – баламызға ізгі, тақуа ана таңдау.
Бала туылмай жатырып, оның алдындағы екінші міндетіміз: әйеліңмен жақындасқан кезде, Аллаһ Тағала сол жақындасу арқылы саған бала беруі мүмкін. Сондықтан, соны бастар кезде «бисмилләһ» деп айтуды ұмытпа! Және пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізді жақындасар алдында: «Аллаһума джанибнаш-шайтан уә джанибиш-шайтан мә разақтана» - деп айтуға үйретті. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім осыны (әлгі дұғаны) жыныстық қатынасқа түсердің алдында айтса, оған шайтан ешқандай зиян тигізе алмайды» - дейді. Осыны ұмытпауға тиіспіз.

Бала туылмай жатырып, оның алдындағы үшінші міндетіміз, яғни бұл міндет адамның өмірінің соңына дейін жалғасатын міндеттіміздің бірі – бұл балаң үшін дұға ету. Ұрпағыңның ізгі болуын сұрап Аллаһқа дұға қылу қажет. Ибраһим пайғамбардың Аллаһтан не деп сұрағанына назар аудар: «Раббым, маған ізгілерден бір бала бер!» (Саффат сүресі, 100-аят).

Сондай-ақ, Аллаһ Тағала Өзінің құлдарын сипаттап былай дейді: «Олар: “Раббымыз! Бізге жұбайларымыздан, ұрпақтарымыздан көзайымдық бер. Сондай-ақ бізді тақуалардың алды қыл!” - дейді» (Фурқан сүресі, 74-аят). Яғни ұрпағым дүниеге келмей жатырып сен олардың ізгі болуын Аллаһтан сұрауың керек. Аллаһтан қорқатын ізгі болуын сұра! Үнемі осылай дұға етуге міндеттіміз. Себебі, адамдардың жүрегі, оның ішінде қызыңның да, ұлыңның да жүрегі сенің қолыңда емес, ол Аллаһтың Қолында. Бауырлар, осы жөнінде жақсылап ойланыңдар! Қарашы, Нұх пайғамбар өз ұлына нашар тәрбие бермеген шығар?! Бірақ оның ұлы кәпір болып шықты. Уа Аллаһи, адамдардың жүрегі Аллаһтың Қолында!

Енді, бала туылғаннан кейін болатын міндеттеріңе келейік:

Бірінші, оған жақсы есім беруің керек. Жақсы есім таңда: пайғамбарлардың аты болсын. Мысалы, қазір Хасан бауырымыз ұлына Сүлеймен деген есім таңдапты! Әлхамдулиллаһ! Немесе ‘Абдуллаһ, ‘Абдурахман деген есім бергенің жөн. Сол тәрізді жақсы аттар көп қой. Сонымен бірге, балаңа ауыр, қиын айтылатын ат берме! Кейіннен бала қиналып жүрмесін. Және оғаш ат қойма, артынан балаң сол есімнің кесірінен ұялып, қысылатындай болмасын. Содан соң, балаңа ешқашан кәпірдің атын қойма! Кәпірлерге еліктеме, батысқа еліптеме. «Кім бір қауымға еліктесе, ол солардан болады» - деген Аллаһ елшісі (Ахмад 2/50, Әбу Дәуд 4031, әл-Бәйһақи 1199. Хадистің сенімділігін имам әз-Зәһәби, шейхул-Ислам Ибн Тәймия, хафиз Ибн Хажар, әл-‘Ирақи, шейх әл-Әлбәни растаған). Сондықтан, бұл мәселеге де үстіртін қарамаған ләзім.

Бала туылғаннан соң тағы қандай міндеттерің бар? Көбісі балаға биологиялық тұрғыдан жетілуін қамтамасыз етсем жеткілікті болар деп есептейді. Яғни, баланы тамақтандырып, сусындандырып, киімін берсем болды дейді. Иә, сөзсіз, бұлар сенің маңызды міндеттерің. Бірақ бұлардан да асқан маңыздырақ міндетің – балаңның қандай ақидада (сенім) өскенін қадағалау. Осы екінші міндетің. Ертеңгі күні ұрпағың Жалғыз Аллаһқа ғана ықыласты түрде ғибадат ететін муахид бола ма, жоқ әлде Аллаһтың бұйрықтарын орындамайтын кәпір, мүшрік немесе пасық болар ма екен?! Осыны ойла! Осыған көңіл бөл! Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ұрпағын ең алдымен осыған тәрбиелеген. Назар аударыңыздар, Хасан ибн ‘Али: Мен Аллаһ елшісінің былай деп айтқан дұғасын (қунут дұғасы) жаттап алдым дейді, яғни ол өз атасының айтқандарын жаттап алып отырған. Немесе пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Фатимаға келсе, ол ауырып, әлі кетіп, шаршап жатыр екен, сонда пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) егер сен таңертең мынадай сөздер, ал кешке мынадай сөздер айтсаң, ол саған қызметшіден де жақсырақ деп үйрететін болған. Түннің бір уағында ‘Али мен Фатимаға келіп, түнгі намаз оқыңдар деп оятатын болған.

Ең алдымен, баланы ширк жасап қоюдан сақтандыру қажет. Бауырлар, шындарыңды айтыңдаршы, арамызда кім баласының басынан ұстап: «Балам, Аллаһқа ширк қоспа, тек Аллаһқа ғибадат ет, тек Аллаһтан ғана жәрдем сұрап дұға ет» деп айтты? Дәл пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сияқты. Ол кішкентай Ибн ‘Аббасқа: «Егер сұрар болсаң – Аллаһтан сұра, көмек керек болса – Аллаһтан көмек сұра! Егер бүкіл жындар мен адамзат саған зұлымдық қылу үшін жиналса, олар Аллаһтың қалағанынан артық зұлымдық қыла алмайды. Керісінше, егер бүкіл жындар мен адамзат саған жақсылық жасау үшін жиналса, олар Аллаһтың қалағанынан артық жақсылық жасай алмайды» деп үйретеді. Ал біз ше?! Біз осылай кішкентай балаларымызға үйретеміз бе?!

Аллаһ Тағала Құранда Лұқман хакімнің өз ұлына айтып жатқан өсиетін келтіреді: «Әй, ұлым! Аллаһқа серік қоспа! Күдіксіз серік қосу – зор зұлымдық» (Луқман сүресі, 13-аят) Сонда Лұқман ең әуелі нені өсиет етіп жатыр? Ширк істеме, Аллаһтан басқа ешкімге ғибадат етпе, Аллаһтан басқа ешкімге дұға етпе, Аллаһтан басқа ешкімге құрбандық шалма, Аллаһтан басқа ешкімге тәуекел етпе, Аллаһтан басқа ешкімнен қорықпа, Аллаһтан басқа ешкімнен үміт етпе, көмек керек болса – тек Аллаһтан сұра! Өліктерден, мәйіттерден, қабірден, әулиеден, әруақтан, кесенеден, жұлдыздардан, пайғамбарлардан, періштелерден емес, ешкімнен сұрама деп үйретіп жатыр! Қараңыздар, Лұқман хакімнің ең бірінші өсиетіне қараңыздар! Лұқман хакім сөзін жалғастырып: «Күдіксіз серік қосу – зор зұлымдық» дейді. Неге Лұқман ширк қосуды зор зұлымдық деп жатыр? Себебі, ширк қосу – кісі өлтіргеннен де ауыр күнә. Сені жаратқан Аллаһқа тең келетін біреу бар деп тұрсың ба?! Сахих әл-Бухариде: «Кім Аллаһтан өзге басқа біреуден дұға тілесе – Тозаққа түседі» деген хадис бар.

Балаңды ең алғаш осыған үйрет! Құранда Ибраһим пайғамбар Аллаһ Тағаладан былай деп сұрағаны айтылған: «Мені және ұлдарымды пұттарға ғибадат етуден алыс қыл!» (Ибраһим сүресі, 35-аят).

Аллаһ Тағала Яқуб пайғамбардың өлер сәті жақындағанда айтқан сөзін былай деп келтіреді: «Яқубқа өлім келген сәтте, ол балаларына: «Кімге ғибадат қыласыңдар?» - деген кезде бар ма едіңдер? Сонда олар: «Сенің Тәңіріңе, аталарыңның Тәңіріңе: Исмайыл, Исхақтың Жалғыз-ақ Тәңіріңе ғибадат етеміз. Сондай-ақ Соған бой ұсынамыз» деген еді» (Бақара сүресі, 133-аят). Көңіл бұрыңыздар, бауырлар, Яқуб пайғамбар өзі қайтыс болғаннан кейін балаларына не болады деп уайымдап жатыр? Дүниеден өткен соң ұрпағым қайда өмір сүреді, қандай тамақ жейді, қандай киім киеді деп уайымдады ма? Жоқ, «ол балаларына: «Кімге ғибадат қыласыңдар?» деп, нені уайымдап жатқанын білдіріп тұр. Мен кетіп бара жатырмын, менен кеткеннен соң кімге ғибадат етесіңдер деп уайым кешіп жатыр. Әрбіріміз осылай балаларымыздан сұрауымыз керек, «Бәлкім ертең о дүниелік болармын. Балам, кімге ғибадат етесің?» деп сауал қоюға тиіспіз.

Әуелі дінге үйрет, намаз оқуды үйрет, Құран мен Сүннетті үйрет. Кісі өз-өзін қалай ұстау керек екенін түсіндір. Лұқман хакім баласына: «Әй, ұлым! Намазды толық орында» дейді (Луқман сүресі, 17-аят). Балаңды мешітке алып бар, мешітте өз-өзін қалай ұстау керегін, намаздың маңыздылығын түсіндір!

Қазіргі таңда, жұрт көбінесе балаларын не нәрсеге үйретеді? Көбінесе күреске, дзюдоға, жүгіруге, футболға үйретеді. Мұның барлығы жақсы, ешкім бұл болмайды деп жатқан жоқ. Бірақ бұлар балаңды мәңгі өмірде бақытты қыла алмайды. Балаң дзюдоны білмесе, ештеме етпейді. Ал бірақ балаң таухид пен намазды, Аллаһқа ғибадат етуді білмесе, міне осы шынымен де қауіпті.

Үшіншіден, балаңды көркем мінез-құлыққа үйрет! Себебі, Қиямет Күні таразыда ең ауыр болатын осы көркем мінез-құлық. Балаңа Лұқман хакімнің айтқан сөздерін айт: «Адамдарға паңданып, жерде кердеңдеп жүрме» (Луқман сүресі, 18-аят). Яғни тәкәппарланба! Аллаһ Тағала тәкәппарланғаннан еш пайда жоқ екенін айтып былай дейді: «Жер жүзінде дандайсып жүрме! Өйткені, сен жерді әсте жара алмайсың да, бой жағынан да тауларға жете алмайсың» (Исра сүресі, 37-аят). Аллаһ Тағала тағы былай дейді: «Расында, Аллаһ әрбір дандайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді. Жүрісіңді орташа қыл да, даусыңды бәсеңдет. Сөз жоқ, дауыстардың ішінде ең жаманы есектің дауысы» (Луқман сүресі, 18-19-аяттар). Міне, осы нәрселерге үйрет балаңды!

Сондықтан, бауырлар, алдымен өзіме, содан кейін сіздерге осы балалар – Аллаһтың бір сынағы екенін еске салғым келеді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кез-келген нәресте таза болмыспен (мұсылман табиғатымен) туылады. Кейiн оны яһуди ететiн де, христиан ететiн де немесе отқа табынушы ететiн де әке-шешесi» - деген (Бухари). Балаға қатысты біраз мәселе бізге байланысты, бауырлар!

Қысқаша айтқым келгені осы еді. Аллаһ Тағаладан ұрпақтарымызды Өзіне ғана ғибадат етіп, Оған ешкімді серік қоспайтындар етуін және біз о дүниелік болғаннан соң ұрпақтарымыз біз үшін дұға тілеп, Одан кешірім сұрайтындардан етуін сұраймын! Себебі, періштелер Аллаһ Тағаладан: «Раббымыз! Оларды және олармен бірге аталарынан, жұбайларынан, ұрпақтарынан кім ізгі болса, соларды Өзің уәде еткен Ғадын Жәннәттарына кіргізе көр» деп жалбарынып сұрайды (Ғафир сүресі, 8-аят). Яғни, егер сен Аллаһтың ізгі, тақуа құлы болсаң, онда ұлыңа да, қызыңа да Жәннатқа кіруге жәрдем болады, дәл сол сияқты егер ұлың не қызың Аллаһтың ізгі, тақуа құлы болса, онда саған Жәннатқа кіруге жәрдем болады.

Аллаһтан Фирдаус Жәннатын сұраймыз, күнәларымызды кешіруін әрі Тозақ Отынан сақтауын сұраймыз!

Пайғамбарымызға, оның отбасы мен сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын! Әрі соңғы шақыруымыз – әлемдердің Раббысы Аллаһқа мақтаулар мен мадақтар болсын!


Сілтеме: http://alhadis.ru/audiomenu/adab/88-deti
Abu Muahid
 
Сообщений: 2
Зарегистрирован: 25 авг 2012, 18:42

Вернуться в Духовное воспитание

cron